Ғабдуллин (Ғабдуллаұлы) Серік

Ғабдуллин (Ғабдуллаұлы) Серік (1937-2014) – ақын, журналист.

1937 жылы 17 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Шымқора ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, Жамбыл атындағы колхозда жұмыс істеп, ауыл клубы меңгерушісі болған (1959). 1966 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қазақ тілі мен әдебиеті факультетін аяқтайды. С. Ғабдуллаұлы еңбек жолын облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде редактор болудан бастап, онда 30-дан астам жыл еңбек еткен. 1991-1995 жж. «Қазақ тiлi» облыстық қоғамының төрағасы. 1995 жылдан – Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімі хатшысының орынбасары. 1994-2014 жж. Серік Ғабдуллаұлы «Шабыт» жас ақындар мектебін ашады. Бүгінгі таңда аталған мектеп түлектері республика көлемінде танымал. Ол ұзақ уақыт бойы әдеби, мәдени-қоғамдық «Ақ Ертіс» журналының (Өскемен қ.) бас редакторы болды.

1975 ж. «Көктем лебi» алғашқы өлеңдер жинағы жарық көреді. Оқырмандар арасында оның келесі туындылары танымал: «Бұқтырма сарыны» (1978), «Көктем-көкөрім шағым» (1982), «Ақ босаға» (1991), «Жылдардан жеткен жаңғырық» (1995), «Сөйле, менің жүрегім» (1998), «Алтай асу» (2003), «Ұланғайыр» (2003), таңдамалы шығармалар жинағы (2007). 2007 жылы ақынның мерейтойы қарсаңында, «Седой тулпар» өлеңдер жинағы жарыққа шығады. Бұл шығысқазақстандық ақындар М. Чистяков, М. Немцев, Л. Медведева, В. Шустерлердің орыс тіліне аударуымен жарық көрген алғашқы басылым еді.

С. Ғабдуллаұлы – «Қазақстанның Құрметті журналисі», Өскемен қаласының Құрметті азаматы. 

2014 жылы 22 қаңтарда қайтыс болды.

 

Ғабдуллин Серік Ғабдуллаұлы өлеңдері

 

Мекенім менің — жұмыр жер

О, жұмыр жер,

апай төсің шалқайып,

Барасың ба күннен-күнге қартайып.

Бір киянат кетер сені мұңайтып,

Бір жақсылық көрсең тұрдың марқайып.

 

О, жұмыр жер,

шертілетін сыр қанша,

Сен туралы жазылған ән, жыр қанша?!

Менің жаным жалын кұшып кетсінші,

Сенің жаның өртке оранып тұрғанша.

 

О, жұмыр жер,

бола алсам мен мұңдасың,

Сомдар едім тыныштықтың тұлғасын.

Жүзіңде әжім қатпарлана береді-ау,

Тіршілікті тік көтеріп тұрғасын.

 

О, жұмыр жер,

суырысып алдаспан,

Келе жатыр өмір-өлім арбасқан.

Жағасына қашан-дағы жаксының

жамандықтың әдеті ғой жармасқан.

 

О, жұмыр жер,

Көп кой сенің көргенің,

Ертегідей айтшы ереуіл ел кегін.

Ақиқаттың ашылғанда аспаны,

Арманыңа қарай сен де өрледің.

 

О, жұмыр жер, айыға алмай айқастан,

Бірде бұлт, бірде ашылды қайта аспан.

Дүбірлетті-ау сенің мынау кеудеңді,

Екі дүние ерегеспен шайқасқан.

О, жұмыр жер, капаланба,

Шынымды ұк,

Ақиқатта болған емес шымылдық.

Өмір бойы жағаласып келеді,

Бітіспейтін әділдік пен зұлымдық.

 

О, жұмыр жер,

сен үшін жыр қозғадым,

Тек сен үшін — емес менің өз қамым.

Көрейін мен тұлпарыңның озғанын,

Көрмейін тек дидарыңның тозғанын.

 

***

Ауылыма барған сайын жай табам,      

Бұлақ ойнап, тау жаңғырып айтады ән.

Мен солардың мың кұйіне маужырап,

Балғын шаққа бауыр бастым қайтадан.

 

Уа, достарым, шынымды айтам ал енді,

Таста деме ауыл деген әуенді.

Өйткені ол сенің дағы, менің де,

Тұлеп ұшқан ұямыз ғой әуелгі.

 

Содан ба әлде, ысшқ маған бұл дала,

Құлпырады қызғалдағы нұрлана.

Мен сияқты өзен бойлап, тал мініп,

Сағым қуып барады әне бір бала.

 

Сол бір қалпы мына жазық ақ маңдай,

Әз анамдай мені күтіп жатқандай.

Ұлын көріп қуанышқа шаттанып,

Көп келмейсің деп бір кінә таққандай.

 

Жыл құстары қиқу салып көгінен,

Орын алып жатыр шалқар көлінен.

Қонақжайлы менің туған ауылым,

Өгейсітіп көрген емес тегінен.

 

Аспанында қалықтайды байтақ ән,

Көңіл көлін дірілдетіп шайқаған.

Сезімімді сырға малып суарып,

Өз үнімді естимін мен қайтадан.

 

Сөкпе, достым, кінәлауға қақың жоқ,

Азаматқа ауылынан жақын жоқ.

Туған жерін жөргегінде тербеткен,

Әрбір ұлан жырлай бермек ақын боп.

 

***

Алтай әуендері

Армысың, ардақты Алтай, ІІІығыстағы,

Қазақтық алтын алқа, күміс бағы!

Жанымды желпіндірді жібектейін,

Арайлап атқан алдан пүліш таңы.

 

Құзында мөлдір бұлақ құлдыраған,

Шыңынан алтын сәуле нұр құлаған.

Мұз таудың қалайыдай дулығасы

ақ мамық арасында бұлдыраған.

 

Бурадай Бұқтырманың есі кетіп,

Тербейді толқындарын бесік етіп.

Қарағай қылтиады қойнауында,

Тұтасқан сұр тұманда тесіп өтіп.

 

Қарағай, қайың, шырша — көркем көгім,

Сапырған сары қымыз — желкем лебін.

Саусақтың саласындай самырсындар

көрсең ғой тау бөктерін көмкергенін.

 

Таңқурай дәмі кетпес таңдайыңнан,

Бүлдірген төгіледі шалғайынап.

Алтайы қызыл түлкі қызықтырып,

Орманда елік, марал маң жайылған.

 

Сай-сала сылаңдаған бұлақтары,

Қоғадай жапырылған құрақтары,

Мұзтаудың шыңдарынан төмен қарай

шашырап келе жатыр нұр ап таңы.

 

***

Сылдыры да бұлақтардың сол қалпы,

Бірақ, күміс күндерімнің солды арты.

Сағынғанда сырласайын деп едім,

Ауылымның азайыпты мол қарты.

 

Әке, сенің көзкөргенің қалмапты,

Көрінбейді бірі шолсам жан-жақты.

Келген сайын қабіріңнің басына,

Ой басады қорғасындай салмақты.

 

Сүрінгенде сүйенішім Сен едің,

Дүниенің дүбірінде демедің.

Жетімсіреп тұрған кезде жүрегім,

Әке, сенің болып-ақ тұр керегің.

 

Біреулерге кетіп жүрсе бірде есем,

Бақытымды бағалауды білмесем,

Қабіріңнің құлпытасын құшақтап,

Әке, сенің аруағыңмен тілдесем.

 

Өзің барда лапылдаған от едім,

Қарызымды өтемедім, өтедім…

Білдім бірақ жаным жетімсіресе,

Алпыста да әке керек екенін.

 

Қамыққанда қара қоңыр күздеймін,

Арманымның айдынында жүзбеймін.

Қаражал мен Қарашаттың бойынан

орақ тартқан қара шалды іздеймін.

 

Шалғын қурап, шөбің қалды шабылмай,

Кертөбелдің таралмаған жалындай.

Маңдайымнан сипап өткен сар самал

Әке, сенің алақаның табындай.

 

Сен жайында неге бүгін ойландым?

Білінді ме берекесіз бойдан мін?!

Тыныштықтың тұнығына тартармын,

Мен де мынау сұм жалғанға тойған күн.

 

Әкесі бар адамдардың бағы бар,

Аспандағы Айдан алқа тағынар.

Жалғаныңнан жетімшілік көрмейсің,

Алдыңда бір тұлға болса табынар.

 

***

«Отан!» деген немене?..

«Отан» деген – талбесігің,

туған жерің,

ауылың,

Ата-Анаң, аға, іні-бауырың.

Жанарына мекендеген мейірім,

Күпі киген кең қолтықты қауымың.

Періштенің пәктігіндей пейілің болса,

жерге тимек емес жауырын.

 

«Отан» деген – көгілдір көл,

мөлдір өзен-бұлағың,

Көк бетеге,

жасыл майса-құрағың.

Топырағы торқадайын түктенген

табаныңа жылы тиген тұрағың.

Махаббат боп жүрегіңе жүктелген

 таусылмайтын сезімдегі нұр-ағын.

 

«Отан» деген –

сәбиліктің шақпылаған шаттығы,

Шаң шұбатқан қара табан бақ күні…

Көктемеде қызғалдақ пен жүрегін

қызға ұсынған бозбаланың пәктігі.

Тағдыр атты соқпақ пенен күренің

жолдарында сағыныштың аптығы.

 

«Отан» деген – оттан ыстық…

бірдеме,

Оранбаған үлде менен бүлдеге.

Жүрегіңді жылытып ғана жатады,

ұқсамайды Күнге және гүлге де.

Арманыңның аң таңы боп атады,

аруақ па,

періште ме, сүлде ме?!

Ардақтаған ақсақалдай баталы

асылыңды сүйе бер сен,

үндеме!…

 

«Отан!» деген –

жұмбақ жұлдыз жолағы,

адамшылық ұғымыңнан жоғары.

Сүю менен сағыныштың сарыны,

бағасы мен баламасы жоқ әлі!

Білінбейтін жұқасы мен қалыңы,

Жүректегі жеңіл мұңның көгалы…

 

***

 

Тәуелсіздік!

Тәуелсіздік… осы ұғым

тіккен баба іргесіне қосынын.

Бодандықтың бұғауынан шошыдым,

Бостандықтың бесіктесі – досымын!

Азаттықтың айдарынан айырылмай,

Аспан мен жер арасында жосыдым.

 

Жаралғанда жай отындай жарқылдан,

Адырнадан азаттық оқ тартылған.

Бағзы бабам тіл ұшына оралып,

Бостандықтың сабасында бал тұнған.

Ескен желмен еркіндігін қосақтап,

Азияның ен даласын шарқ ұрған.

 

Іздегені бостандық пен еркіндік,

Азаттығын арманына төркін қып,

Ат үстінде алапатты күн кешті,

Көмкергендей келбетін – шат, көркін – құт!

Өмірінің өзегіне айналды

босағадан төрге дейін өр-тірлік.

 

Ешкімге де болмайын деп тәуелді,

Серт байлаған ойы еді әуелгі.

Ағзасына адалдықты қондырған

 Жоламайды, жау алмайды сау елді!

 

Алтынтаудың қапталында қаптаған

Көктүріктер азаттығын саңтаған…

Шұбырынды із де қалған артында,

Алқакөлге сұлағанда ақ табан.

Бостандықтың бұғауына байланбай,

Тіршілікті табанға сап таптаған.

 

Салт-дәстүрі құру үшін салтанат,

Азаттығын арманымен алқалап.

 Алатауын, Қаратауын, Алтайын

Атандайын жүрді иыққа арқалап.

Қайқы қылыш қыныбына салынбай,

Шаңға бөгіп жатты иен шартарап.

 

Берекесін берік ұстап бірліктің,

Түтін түзу ұшты киіз түңліктің.

Бөрібасты байрағының астында

Тынымсыз күн өтіп жатты тірліктің.

 

Алты Алашты алты жаққа айырған

заман туды, қанатынан қайырған…

Бостандығы бұғауланып бұғақтан,

Азаттығы тұғырынан тайынған

Шақтарда да асау мінез алқынып,

Санасында салңындады сайын маң.

 

Азаттығын алып қашып Алашым

Шиырлады жазиралы даласын,

Кеңірдекке келгенде де бұғалық,

Тағдырының тоқтатпады таласын!

Көкбөрі-өмір жалап-жалап жарасын,

Шаң қаптырды Атырау-Алтай арасын!

Көз ұшында бара жатты бостандық

Бірте-бірте кішірейтіп қарасын…

 

Көк түріктің көгенделіп көп елі,

«Көккөздердің» толып қалған көгені.

Асау жүрек, атан жілік көсемдер

Қабырғалы халық қамын жеп еді.

Отарлаушы омыртқасын опырып,

Бұғанасын басқыншы кеп сөгеді.

 

Бірақ,

бірақ бодаулықтан бұлқынып,

Ахметтер жағаласты жұлқынып.

Сырымдар мен Махамбеттер, Кенелер

Бостандыққа бұрды ат басын ұмтылып…

Азаттықтың ақ жолында арманның,

Жалбырады жаға-жеңі жыртылып…

Тәуелсіздік туын көкке көтерген

Қабанбайлар жүрегінде нұр тұнып,

Артына ерді жұрты нық.

 

Бұзаудайын босағаға байланған,

Түліктейін шырқ иіріп айдалған,

Алты Алаштың асау тайдай баласы

Спартактың тобырына айналған.

Ат үстінде арпалысқан қазақтың

үміт оты ақ қанатын жайды алдан.

 

Аңырақай Желтоқсанға ұласты,

тағдыр бірде күліп,

бірде жыласты.

Қашып жүрген,

сасып жүрген Сырымдар

Құмнарында хал-ахуал сұрасты…

Бұл қазақтың жігерін құм қыла алмай,

Басқыншылық басын алып қыр асты.

Тәуелсіздік теңізінде тербеліп,

Түріксойдың тегі сермеп құлашты,

Сіркіретіп сыр ашты.

 

Тәуелсіздік таңдайыма татыды,

(Бостандықтың бағасы да ақылы).

Көк байрақты көкке қарай көтеріп,

кеудесінен от өріп,

азаттықтың аңырады ақыны.

(Желтоқсанның жасын тыйды батыры)

Шағаланың шаңқылдады шат үні…

 

Тәуелсіздік өздігінен келмеген,

Арапа емес олжалаған көлденең.

Қилы-қилы қиылысқан заманда

ат арытып,

азаматым шөлдеген…

Қанағатын қара суға демдеген,

Жан жарасын үмітпенен емдеген

Менің Елім,

момын Қазақстаным

Болашаққа қадам басты Елменен,

Өрт-жалындай өрлеген!…

 

Тәуелсіздік!

терең ұғым – тұңғиық,

Ата-баба арманы боп жүрді ұйып…

Сағыныштың сірнесінен сыр жиып,

Көк аспанда көк байрағың тұр биік!

Арайланған азаттықтың ақ таңы

атады ылғи,

Қазағымның кеудесіне нұр құйып!…

 

Түрік-Тәңір тұр биік!

 

***

 

АЛТАЙЫМ

Алтайым,

алабыңды аралайын,

Жанға әл,

Жүрегіме нәр алайын.

самырсын, қайың, шырша, қарағайың.

Тамсантып таңқурайың таңдайымды,

Саясын ұсынады мама қайың.

 

Шалғының шалғауына шалындырып,

Мазамды марғауына малындырып,

Жұмақты жамбасыма жаймалайды,

Қойнына құлағанда әлім құрып.

Сезімнің селкеулігін ширатады

Түріктің тегіндегі дарындылық.

 

Терең сай,

құлама құз,

жыраларың

нұсқайды сірі-сүрлеу бұралаңын,

Табаны тастан тасқа тайғанаған

бұлақты жетелейді бұлаң-ағын.

Сірнесін сағыныштың сықтырады,

Алтайым –

алтын бесік, нұр алабым!…

 

Бұқтырма бас асаудай арқыраған,

Сарына сайын түнде сарқыраған…

Беделдің бетегесін бөрік қылып,

Жатыпты-ау «жертөледе» Алтын Адам.

Танытқан Көк Түріктің тарихын

тасыңның таңбасында із жарқыраған.

 

Шоқтығы сұлулықтың шалқарлы ұйық,

Ойнаған бауырыңда арқар-киік.

Мұзтаудың мұңға батқан мұнарасын

көргенде көкірегім тартар күйік.

Алақан аясында аласарсаң,

Өзіңнен көлеңкелі қалқаң биік.

 

Шалғынын Шабанбайдың шаң қаппаған,

Бекалқа беткейінде аң қаптаған.

Жер жаннаты – Ақсудың айналасы

Өзінен басқа аруды аңдатпаған.

Айтпақшы,

Алтайымның адамдары

 өмірі емес ұят-арды аттаған.

 

Салуға сүгіретін сымбатыңның

аспанда Ай аунатып нұрға тұндым.

Сүт сәуле сезімімді сіркіретіп,

Өлеңнің өзегінде ырғатылдым.

Күркіреп көмейіңде қүдіретті үн

Түркінің жебесіндей шыңға атылдың.

 

Жасырған жұмырыңа жұмбақтарың

ашылмай,

құпиялы тұр қатпарың…

«Көкте сен, жерде қожа менмін!» – деген

Күлтегін үнін ашық тыңдатпадың.

Тастағы Түркілердің таңбасының

сырын ұқпай, барады құрғап қаным.

 

Сенің де жүрегіңнің мүңы қалың,

Тұмасын таппаған соң тұнық әнің.

Ұрпағың ұлағатты ұлықтамай,

ұқпайды ұрымталға ұрынарын…

Перделеп пенделіктің перделерін

көрсоқыр көлеңкемде құмығамын.

 

Мазамды масатыдай мұңға малып,

Тағдырдың тәтті күні тұр қамалып.

Екеуміз еңіресек,

етек толы

көз жасы сіңіп жатар құмға барып…

Әйтеуір, Алтай, сенен көз жазбаймын,

Біреулер әкетердей ұрлап алып…

 

***

 

Туған жер деген немене,

Ауылдың тау мен тасы ма?!

Қызғалдақ жапқан төбе ме,

Қызығым қалған шашыла?!

 

Туған жер деген немене,

Тобылғы, қарағаны ма?!

Кептірген құрт па өреде,

Сірне боп сәуле «шаңына»?!

 

Туған жер деген немене,

Өзен бе қамыс, қоғалы.

Бетеге, жусан, көде ме

Тобықтан аспас жоғары.

 

Туған жер деген, бауырым,

Мені мен Сенің бөлшегің.

Анаңдай асыл-ауылдың,

Емізген өмір емшегін.

 

Көрінбес қылдай нәзік бір

Құдірет кіндік байлаған.

Айналып табар қазық бұл,

Бесігін түзеп сайлаған.

 

Туған жер деген, қарағым,

Сарғайған сары сағыныш.

Ауасын жұтып даланың,

Қайнардың суын қанып іш.

 

Сезімнің мөлдір тамшысы

Тамады тырс-тырс өңірге.

Асықтың түсіп алшысы,

Туасың қайта өмірге.

Туасың жаның жаңғырып,

Оранып махаббатына…

Жүрекке жалын жандырып,

Мінгізер сенім атына.

 

 

***

 

ЖЕҢІС КҮНІ

Жеңіс күні

Бір желпініп қаламыз,

Құлпырады қаламыз бен даламыз!

Әлдеқашан қурап қалған сүйегі

Жауынгерді жүректерден табамыз,

Есімізге аламыз.

 

Жеңіс күні

Қызыл туды көтеріп,

Қарт жауынгер жүрегінен от өріп,

Шеруден соң Аялдайды алқынып,

Бір қарызы

Қалғандайын өтеліп.

 

Түріп тастап

Күдікпенен үрейді,

Түгі түскен тіршілігі түлейді…

Сағыныштың сәлемімен сарғайған

Сексендегі

Ана жүзі жүдейді.

 

Майда мамыр

Желі желпіп желеді,

Жеңіс күні

Жыл да айналып келеді.

Мерекелеп

Жұрттың бүгін жатқаны,

Соғыс жылғы қайғы-мұңның төлемі.

 

Жеңіс күні

Айтылады сыр қалмай,

Қарт жүрегі шыдамайды нұрланбай.

Қуанады

Жанарда жас жарқылдап

Рейхстагты бүгін алып тұрғандай.

 

Жеңіс күні кей көңілге толар мұң,

Ұрпақтардың кеудесіне қонар Күн!..

Жүрегімді шаншып өтті сағыныш,

Арасында жоқсың, Әке, солардың…

 

 

* * *

Сағындым Айыртауымды,

сіркіреп жауған жауынды…

Балалық шақтың базары

сағындым туған ауылды!…

 

Сағындым Ұлан даламды,

Асығын атқан алаңды.

Құлыншақ күндер құлдырап,

Алдандыр туған балаңды.

 

Қайғысыз,

ойсыз күндерім,

Өткізген өмір бір керім!

Қанатқан балғын балтырды

Қараған, бұта-бүргенің.

 

Көбелек қуған қырларым,

Сәбилік шақты ұрладың.

Жапырақ жайған тал-қайың,

Жүректе қалды сырғалы үн.

 

Табанды тасқа тілдіріп,

Бұтаға балақ ілдіріп,

Тау-тасты кезіп күнімен,

Ойнадық тайдай дүрлігіп.

 

Сары құм сартап шағылдың

Арасын кезген сағым мұң…

Алыста қалған бұлдырап,

Күнәсіз күнді сағындым.

 

Мендегі қалған мұң ғана,

Жүрек те бітті жырлана.

Кекілін күнге сүйгізіп,

Жүгіріп өтті бір бала…